Статья 41 ЗРК «Об особо охраняемых природных территориях»

41-бап. Мемлекеттiк табиғи қорықтарда ғылыми қызметтiұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбi

    1. Мемлекеттiк табиғи қорықтарда ғылыми қызмет мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектiлерiн зерттеу жөнiнде тұрақты жүйелi түрдегi байқаулар, Табиғат жылнамасын жүргiзудi қоса алғанда, табиғи процестердiң мониторингiн ұйымдастыру, сондай-ақ биологиялық саналуандықты сақтаудың және мемлекеттiк табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелерi мен объектiлерiн қалпына келтiрудiң ғылыми негiздерi мен әдiстерiн әзiрлеу жолымен уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Мемлекеттiк табиғи қорықтарда ғылыми зерттеулер ұйымдастыру және жүргiзу үшiн қажеттi үй-жайлармен және жабдықтармен қамтамасыз етiлетiн ғылыми қызметкерлердiң тиiстi штаты бар ғылыми құрылымдық бөлiмшелер жұмыс iстейдi.

      3. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың ғылыми бөлiмшелерi осы баптың 1-тармағында көзделген ғылыми қызметтен басқа, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келiсiм бойынша уәкiлеттi орган бекiткен ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарларына сәйкес ғылыми зерттеулер де жүргiзедi.

      4. Өзге де ғылыми ұйымдар мен жекелеген ғалымдар мемлекеттiк табиғи қорықтардың аумақтарында уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша мемлекеттік табиғи қорықпен шарттық негiзде ғылыми зерттеулер жүргiзе алады.

      5. Ғылыми зерттеулердiң жоспарларын, ғылыми қызметкерлердiң есептерiн қарау және бекiту үшiн мемлекеттiк табиғи қорықтарда ғылыми-техникалық кеңестер құрылады, олардың құрамына басқа ұйымдардың ғылыми қызметкерлерi мен мамандары кiре алады.

      6. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың ғылыми қорлары мерзiмсiз сақталуға жатады.

      7. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың өздерiнiң ғылыми еңбектерiн басып шығаруға құқығы бар.

      8. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың аумағында ғылыми жұмыстарды жоспарлау мен жүргiзу жануарларды мазасыздануға, зардапқа, өлiм-жiтiмге ұшырататын және өсiмдiктердi, соның iшiнде сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнгендерін жойып жiберетiн зерттеулердiң қатыгез әдiстерi қолданылмай жүзеге асырылуға тиiс.