Статья 43 ЗРК «Об особо охраняемых природных территориях»

43-бап. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың күзет аймақтарының режимi

      1. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың күзет аймақтарында:

      1) жаңа елдi мекендер құруға және бар елдi мекендердi кеңейтуге;

      2) мемлекеттiк табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiне зиянды әсер ететiн объектiлердi орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға, жаңа технологиялар енгiзуге;

      3) өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi үшiн зәрлi пестицидтер, улы химикаттар мен тыңайтқыштар қолданылатын ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығының интенсивтi нысандарын енгiзуге;

      4) атмосфераға және ашық су көздерi мен рельефке ластаушы заттар шығаруға және сарқынды суларды төгуге, қалдықтарды орналастыруға;

      5) пайдалы қазбалар өндiруге;

      6) әуесқойлық (спорттық) және кәсiпшілік аң аулауға;

      7) радиоактивтi материалдар мен өнеркәсiп қалдықтарын көмуге;

      8) мемлекеттiк табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiнiң гидрологиялық режимiн өзгертетiн қызметке (бөгеттер, дамбалар, гидротехникалық құрылыстар және табиғи су ағынын тоқтатуға немесе азайтуға әкеп соғатын басқа да объектiлер салуға);

      9) жабайы жануарлар мен жабайы өсiмдiктердiң бөтен түрлерiн жерсiндiруге;

      10) мемлекеттiк табиғи қорықтың экологиялық жүйелерiне зиянды әсер ететiн басқа да қызметке тыйым салынады.

      2. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың күзет аймақтарының аумағында қорықтың экологиялық жүйелерiнiң жай-күйiне терiс әсер етпейтiн шаруашылық қызметтiң мынадай әртүрлi нысандары жүзеге асырылуы мүмкін:

      1) орман шаруашылығы қызметi;

      2) мал жайылымы және шөп шабуды қоса алғанда, дәстүрлi жер пайдалану, сондай-ақ биологиялық саналуандықты ұзақ мерзiмдi сақтау мен оның берiктiгiн қамтамасыз ету шеңберiндегi өзге де қызмет;

      3) туристiк және рекреациялық қызмет;

      4) минералды суларды, жер астының жылы суларын және климаттық ресурстарды пайдалану;

      5) кәсiпшілік және әуесқойлық (спорттық) балық аулау;

      6) орман және дала өрттерiн сөндiру жөнiнде жердегi және авиациялық жұмыстарды жүргiзу;

      7) бүлiнген жерлердi рекультивациялау;

      8) орман және өзге де өсiмдiк қауымдастықтарын қалпына келтiру;

      9) жабайы жануарлардың мекендеу ортасы мен санын қалпына келтiру;

      10) жер учаскелерiн туристер болатын жерлердi жайластыру, өсiмдiктер мен жануарлардың эндемиялық, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерiн жасанды жолмен көбейту, өсiру, өндiру үшiн питомниктер салу, мемлекеттiк табиғи қорық қызметкерлерiнiң тұруы үшiн қызметтiк үй-жайлар (кордондар) салу, оларға қызмет бабындағы жер үлестерiн беру үшiн пайдалану.

      3. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың күзет аймақтарында осы баптың 2-тармағында аталған қызмет түрлерiн жүзеге асыру кезiнде өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi объектiлерiнiң мекендеу ортасын және көбею жағдайларын, жануарлардың қоныс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөнiндегi iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретiнде ерекше құнды учаскелерге, сондай-ақ мемлекеттiк табиғи қорық қорының өзге объектiлерiне қол сұғылмауы қамтамасыз етiлуге тиiс.

      4. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың күзет аймақтарында жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметiн шектеу облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешiмдерiмен белгiленедi.